jump to navigation

ҒАРЫШТЫҚ ТҰЛҒА Қазан 15, 2007

Posted by saken in Қазақтың біртуар ұлдары.
trackback

Құйқалы өлкені мекендейтін қарға тамырлы қалың қазақта, жалпы, ұшан-қиыр шалқып жатқан алып шығыста қалыптасқан үлкен бір тамаша дәстүр бар: елінің атын шығарып, халқын құрметке бөлеген, жұртын тәнті қылып, өскелең ұрпағына үлгі-өнеге болған даңқты ұл-қыздарын даралап, тек азан шақырып қойған аттарымен ғана аялап атайды.
Мысалы, біз Қазтуған, Абылай, Бұқар, Абай, Шоқан, Мағжан, Мұстафа, Қаныш, Мұхтар, Нұрғиса деп жатамыз. Ата-тегін іздестірмейміз, ауылын іздеп жатпаймыз, әйтеуір барша қазаққа ортақ біртуар ұлы тұлға болған соң, тек бәрімізге әйгілі әрі даңқты атын ғана әспеттеп атаймыз.
Алаштың сондай дара жаратылған біртуар алып тұлғаларының бірі — қазақтың Тоқтары. Біз егер Тоқтар десек, кімді мегзеп тұрғанымызды бәрі бірден біле қояды, ешкім «қай Тоқтар?» деп ешқашан қайталап сұрап жатпайды. Ортақ та, таныс есім түсінікті бола қояды.
Тоқтар өзі иықтас үлкен ағаларымен бірге тарихтың төрінде тұр. Ел құрметінің биігінен орын алған. Қазақ жерінің қай ауылына барса да, ел Тоқтардың алдынан шығып, үлкен мәртебе, марапат көрсетіп, қошеметтеп қарсы алады. Ат мінгізеді, шапан жабады, қазақтың дәстүрлі сый-сияпатын көрсетеді.
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров — жүз жылда бір туатын ел аңсаған ғасыр саңлағы, тұңғыш ғарышкеріміз, көкке алғаш жол тартқан қазақтың дүлдүл перзенті. Батыр перзент. Ғалым перзент. Азамат перзент.
Ірі тұлғалы, сом денелі, батыр пішінді Тоқтар қашан да ел жоқтаушысы, елдің жыртысын жыртушы, халық қамқоршысы. Төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, өзіне жалт қаратқан баһадүр Тоқтарды бір-бірімізге таныстырудың да қажеті жоқ, тіпті, реті де жоқ, туған елі онсыз да Тоқтардың кім екенін жақсы біледі, Тіпті, Тоқтардың өмірбаянын халқы тегіс жатқа да білетін тәрізді.
Кезінде Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан кең сахара Махамбет пен Құрманғазыны, Абай мен Мұхтарды, Бауыржан мен Мұқағалиды қалай жыр қылып, аңыз етсе, бүгін де тап солай Тоқтар аңыз боп ел аузында жүр. Елдің перзентіне деген ақ пейіліне ешкім шек қоя алмайды.
Ол егемендік туы желбіреген тоқсаныншы жылдары ғарышқа ұшпай тұрып-ақ, айбынды жұртымыз Кеңес Одағы құрамында дербес тәуелсіздігін аңсап жүрген кезінде әлемге әйгілі «Миг» ұшақтарын теңіз бетінде әлсіз қалқыған кемелерге берік қондырып, үлкен де күрделі сынақтардан өткізді. Қазақтың қара домалақ баласы сахарада жатқан елінің намысын жыртты, желбіретіп туын биік көкке көтерді.
Өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары жүз толқыған дүние жүзі үшін Юрий Гагариннің күлген жүзі қалай космостық тарихи кейіп болса, бүгінде Тоқтардың жылы күлімсіреген батыр келбеті бүкіл киіз туырлықты қазақ үшін сондай бейне болып отыр.
Тоқтар — Қазақстанның космостық образы. Тарихшы-ғалымдар қазақтың киіз үйін космостың кішкене ғана моделі деп есептейді екен. Тоқтар ой-қиялдағы тарихи-потэтикалық образды шын өмірде кәдімгі шындыққа айналдырды.
Әлемдегі түйткіл мәселелерді бірігіп шешіп отыратын Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамына жүздеген мемлекеттер мен ұлыстар мүше екені белгілі, соның тек он шақтысы ғана өз арасынан төл ғарышкерлерін өсіріп шығарып отыр. Бүгінде ғарышкері бар еңселі елдер қатарына Қазақстан да кіреді. Тоқтардың өлшеусіз еңбегі де сол, ол тәуелсіз Қазақстанды тұңғыш рет космостық державалар қатарына қосты.
Қазір Қазақстан — космостық держава!
Білесіздер, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Қырғызстан өз ортасынан әлі күнге шейін ұлт ғарышкерін шығарған жоқ. Сондықтан, біздің тұңғыш ғарышкеріміз — түркі дүниесі ғана емес, күллі Орта Азиядағы тұңғыш ғарышкер. Әрине, болашақта түрік те, тәжік те, өзбек те, қырғыз да, түрікмен де және басқа да түркі тілдес ұлыстар өз азаматтарын ғарышқа ұшыра жатар, бірақ, Тоқтар есімі аталмыш жағрафиялық үлкен өңірде космосқа алғаш жол салған тұңғыш ғарышкер ретінде ел есінде мәңгі сақталмақ.
Тоқтар — сергек азамат. Сонау кезде Қарқаралы топырағына «Протон» құлап, гептильдің қаупі бүкіл өлке халқына қауіп төндіргенде, Тоқтар қалың елден шындықты жасырып қала алмады. Сергек азамат ертеңгі елдің тағдырын ойлады. Жұртпен кездесіп қауіпті айтты, ресейліктерден тиісті көмекті талап етіп, шалығы тиетін ауру-сырқаудан сақтануға шақырды
Ол — саясаткер емес, бірақ, елдің мақсат-мүддесін көздеген шын ел жанашыры.
Тоқтар күні кеше ғана сонау биік ғарыштан, Құс жолының үстінен оймақтай ғана жер шарына қарап тұрып, көзімен туған жерін — Отанын — Қазақстанды іздеген шығар.
Халықтық тұлға міндетті түрде беймағлұм жатқан ақжарқын да айбынды халқына деген ілтипатының мәңгілік екенін сонда ұққан болар.

Балташ Тұрсынбаев

Advertisements

Пікірлер»

1. Асхат Еркімбай - Қазан 16, 2007

Балташ аға бұл пікірін қай жерде қалдырды екен? Жақсы айтқан екен! Дереккөзін көрсетсеңіз жақсы болар еді.

2. Сәкен - Қазан 16, 2007

Дереккөзі «Алтын Орда» газеті, бірақ сәл ескілеу нөмірі екен…
Сонда да Тоқтар ағамыздың ерліктері ешқашан ескі деген санатқа ауыспайтын болғасын, басқалармен де бөлісейін деп орнатып қойғанмын бұл мақаланы.

3. Асхат Еркімбай - Қазан 17, 2007

Рахмет.

4. Lola - Қаңтар 9, 2008

өткірлігін жоғалтпайтын мақала ғой.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: