jump to navigation

Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған Қараша 27, 2007

Posted by saken in Тарих.
trackback

Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, қырық сан қара Қалмақ, Қатсыбан, он сан Ноғай, бүлгенде Орманбет би өлгенде Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. Ала тайдай бүлдірді делінген сөз сонан қалған деседі. Жұрт аузында бір замандарда осылай сөйленген. Сол замандарда Құндыкер, Құбан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты.

«Түгел сөздін түбі бір, түп атасы Майқы би» – деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен деседі. Сол заманда қырық ханның бірі болған қызыл Арыстан хан Бұқарада тұрып хандық қылған екен.

Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтады. Мұнараны сол қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, бәйбіше өзінен тумай тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп, бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді деген соң хан кырық жігітке бұйырыпты:

— Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп, қоя беріңдер! Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін деп жер аударыпты. Егіз екі қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін. Сендерде көрмеңдер деп.

Бұлар сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн кешіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, өзінен басқа жанды жақтырмай, керек қылмай, тағы болып, жалғыз жонға шығып кетіпті. Тобылғыдан жақ қылып, жүзгеннен оқ қылып, көзіне көрінгенді қорек қылып, ішіп-жеп, оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мерген болыпты. Дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап, кез болып, ләм-миім деп бір ауыз тіл қатпай қала беріпті. Үйсін батыр үйіне барған соң әкесіне сөйлепті:

— Бір ағаштың көлеңкесінде отырған бала көрдім. «Ай дейін десем аузы бар, күн дейін десем көзі бар. Көрген кісі қызыққаннан бір қасық, сумен жұтып жібе-рерлік келбеті, сымбаты бар. Құсбегі тіккен томағадай құнысып тұрған бала. Өзінде әзірейілдің анық бір түгі бар. Маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы — тілі жоқ екен депті.

Майқы би өзі ақсақ, өмірбойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай, жаяу кісіге тартқызады екен. Мені арбамен алып барыңдар, көрейін,— депті.

Баяғы сағымнан пайда болған Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім, мынау сонан соң жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен деп барса, бала Майқы биді көре сала ұшып түрегеліп:

— Ассалаумағаллайкүм, хан атаулынын қазығы, қара бұқараның азығы,— дегенде Майқы би:

— Әлейкимсалам, әмісе аман бол балам. Сәтті күн туған ұл екенсің, жеріңе жетпей тұр екенсің. Кел, балам, қасыма мін,— деп үйіне алып келіп, төрткүл ошақ қаздырып, төбел бие сойдырып, төменгі елді жидырып, жорға бие сойдырып, жоғары елді жидырып, ала бие сойдырып, аймақ елді алдырып, баласы Үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, ердің ері, егеудің сынығы дегендей іріктеп-таңдап жүз жігітті қасына қосып:

— Мына баланы жебе қылып бастарыңа шаншыңдар, шеп қылып беттеріңе ұстаңдар, ту қылып төбелеріңе көтеріңдер. Қаратаудан әрман қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдаберді деген жерлер бар. Соған барып салық салыңдар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Қүндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қараша боласыңдар. Хан әділ болса, басынан бағы таймайды, қарашасы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді деген деп, батасын беріп жөнелті. Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып жылқы алды, күймені бұзып қыз алды. Көш елді көш жөнекей шапты. Еру елді отырған жерінде шапты. Асулы қазан, тігулі дап-даяр үйге ие болып, орныға бастады. Өз алдына мал малданып, жан жанданып үйлі-баранды болды. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене? Бұлардың мұндай болғанын баяғы қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді:

— Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны, баламды өзіме алып келіп, тапсырып, менен қалағанын алсын — деп. Сонан соң ақсақал-дар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді барып шақырып келіңдер деп. Бұлар келген соң бұрынғы келгендер «қайт» деген сөзді бізге айтпа, өздерің де қайтпа дегенді айтты. Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ. Еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап, тәлімі бидайдың нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлде қандай көріп, мас болып, биттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттық жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды деген соң, рас-ау, рас,—деп шақыра келгендердің өздері де қайтуды керек қылмады. Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді. Он үш ақсақал қосты. Есеп саны үш жүз он үшке жетсе, ду-ние жүзі жиылып жау болса, бетіне келмейді, деп айтылған сөз бар дейді деп.

Үндемесе де, үйден шықпаса да «Бабыр еңбек» дегендей ақсақал шал жұмысты жатып-ақ жайлап бітіріп жатса керек.

Бұлар да келіп орнығып тұрып қалыпты.

Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. Оған «Алашахан» деп ат қойды. Бастапқы бір келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Үйсінді «Ұлы жүз Үйсін» атады. Түпқазық салықшы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас түйін боп тұрсын десті. Ортаншы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Болат қожа бұл жүз жігіт тосқауылшы орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын деп, оны орта жүз «Ақжол» атады. Соңғы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Алшынды беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірін білмейтін кезуілші деп, қарсы алдында жүріп жауға шабатұғын да осылар болсын деп, Кіші жүз «Алшын» деп ат қойды. Кезуілші қашса тосқауылшаға, тосқауылшы қашса салықшыға барады, салықшы қашпайды. Тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға бар, көндімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың үш жүз аталған жері осы.

Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. Алаш деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» деген атты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш, алаш» деп шабыңдар, «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып, өз алдына отау тіккен емес, әр жұртқа бұратара қоңсы болып жүрген.

Біреу Болат қожа дейді, біреу Ақжол дейді. Екеуі бір кісіге аталған ат деседі. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс үш жүздің аталарының аты деседі. Біреулер ақсақ Келімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шодан деген аталары бар десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қылдық.

Advertisements

Пікірлер»

1. saken - Қараша 29, 2007

Материалды Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кітабынан алдым 🙂

2. erserik - Желтоқсан 11, 2007

Қазақ үш жүз аталмаған, үшжүздік аумақтық бөлінісі болған. Ол кәзіргі облыс секілді мемлекеттік құрылым. Қазаққа дейін, Ежелгі түрік, сақ мемлекеттерінің бәрінде де үшжүздік құрылым болып келді. Қойшығара Салғараұлының «Түркілер әлемі» деген еңбегіін оқыңыз.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: