jump to navigation

Оқу жайы Мамыр 31, 2008

Posted by saken in Саясат, Тарих.
10 comments

Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жок. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебін оқудың кейіндігінен көріп тұрмыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. (толығырақ…)

Advertisements

САЙЛАУ Қыркүйек 4, 2007

Posted by saken in Саясат.
6 comments

Осы жаз Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай һәм Орал облыстарында сайлау. Қазақ сайлауы жұртқа келген бір жұт. Сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз, малшыдан басқа үйде отырып шаруасын қараған адам болмас. Сайлау жылы жұрттың көбінің мінгені біреудің арқасы жауыр, құйрығы шолағы, қыдырып ішкені біреудің қымызы, жатқаны біреудің үйінің арты, сайлау жылы қазақ ғұмыры осымен өтеді. Осыншама бүлінгендегі мақсаты болыс, би, елу басы, старшын болмақ, дұшпанынан кек алмақ, намысқа тырыспақ, момын бұқара халыққа алым-шығынды аударып тастап бай болмақ. Мұнан қазақ халқына келешек уақытта не пайда? Болыс болу да не қасиет?
Еуропа жұртының сайлауы халықка тегіс бір үлкен той. Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол, адам аспас асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады. Сайлаған адамы халық қызметшісі, әр орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау әділ деп әр қайсысын өз орнына сайлайды. Біз қайтеміз? Төрдегі басын есікке сүйреп, арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылып, атының майын параға беріп біздің адасқан сорлы қазақ міне болыс, міне би, міне старшын, міне елу басы дейді. Қазақтың бұл ісі, жүрмейтін сағат салған, атылмайтын алты-атар мылтық асынған, күштінің көлеңкесінде намаз оқыған секілді, құдай қарғағандық. Мұнда да не кінә бар: үлгісіз, өрнексіз өскен, ақшаға сатылған елу басылар тас салған соң, қарақшыға да түспекші емес пе?
Қырда үлгілі, өрнекті шешен, жүйрік, таза әділ жақсылар да бар ғой! Бұлардың қылып жүрген істері көзге көрініп тұрған жоқ, Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кезек келген жоқ па?
Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт боп тіршілік қылып жүрмек емес. Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соның соңынан ерер еді. Жұртқа пайда келтіретін жол нұсқасы мынау: бұзылған атылмас мылтық иелері шығынын төлетіп алуға алымды момындарға, жетім-жесір бишараларға аударып жүр ғой. Осы алымды әділ закон жолы мен бөлем дегендер жиылса, сонан жұрттың пайдасы табылар еді…..
1913 жыл.

Бұл осыдан бір ғасырдай бұрын Әлихан Бөкейханұлының «Қазақ» газетіне жазған мақаласы екен. Арада қаншама жылдар өтті, қаншама билік ауысты… Бірақ ….

Ұлтын ұлықтамаған ұл ел қорғаны болып жарытпайды Тамыз 24, 2007

Posted by saken in Саясат.
add a comment

Соңғы жылдары біздің қазақы қоғам басынан біраз қиындықтарды өткізіп келеді. Қазақы қоғам деп бөліп айтуымыздың себебі, Қазақстанда өмір сүріп отырған басқа ұлттар мен орыстілді, европаланған қазақтардың ұпайы түгелденіп болған.

…Қазақстанға кім келіп, кім кетпеді. Сүтке тиген күшіктей болып, әлемге сыймай жүрген шетелдік компаниялардан бастап жеке алаяқтарға дейін осында келіп тойынып, кекірік атып, секіріп жүргені өтірік емес. Ал өзінің атажұртын, отанын, туған жерін ешқандай бұлдаусыз, таза жүрекпен сүйетін қазақы қазақтардың басынан бейнет арыла қойған жоқ. Оның үстіне қазақы қоғамды менсінбеу, сыбағадан қағу, өзінің құқын қорғай бастаса құбыжық көргендей қарау құбылысы етек алғалы да он бес жылдан асты. Иә, иә, қазақты кемсіту, оны көкірегінен итеру тіпті кеңес үкіметі кезінде де мұндай дәрежеде болып көрмеген шығар. Бұл сөзге дәлелді кез-келген әкімшіліктің немесе құқық қорғау орындарының стол тартпаларында оқылмастан жатқан арыздардан да, баспасөз беттерінен де табуға болады. Билік тарапынан да, зиялы қауым тарапынан да жақсылық көріп жарымайтын қазақы қоғамның мұншалықты төменшіктей беруіне не себеп? (Үкіметтен қайыр болмағасын өзі салып алған үйі бульдозермен бұзылып жатса, әскерге кеткен баласы өзбектің қолынан өліп, не таяқ жеп жатса, баласы аз ақшаға бола шетелдік компанияның құлы болып жүрсе, қазақтың төменшіктегені емей, не? «Төменшіктеді» деген сөзге дәлел жетіп-артылады). Иә, өзінің елінде, жерінде отырған қазақтың өзгелерге есесі кете беретіні неден? Меніңше, бұның басты себебі біздің отанды, яғни бабаларымыз мұраға қалдырған туған жерімізді, елімізді сүйе алмауымыздан, қәдір тұта білмеуімізден деп ойлаймын. Отанды сүю ең алдымен өзіңнің ұлтыңды сүюден басталса керек. Өкінішке орай, биліктегілері бар, басқасы бар, өзіміз элитаға жатқызып жүрген оқыған, іске аса бастаған қазақтардың ішінде сол өзінің тарихи отаны мен ұлтын сүйетіндер тым аз ба деп қорқамын. Мысалы, қараңыз. Парламент Мәжілісіне сайланатын депутаттар әр сайлаудың алдында сайлаушыларға әдемі-әдемі уәделер бергендерімен депутат болып мемлекет қамқорлығына алынғаннан кейін елдегі шынайы жағдайды тез ұмытады. Тіпті ауылда, қара киіздің үстінде туғанын да тез естен шығарады. Бәрінен қиыны, қазақтың оқыған деген азаматтары өздерінің ұлтын, отанын жеткілікті дәрежеде сүйе алмайды. Соның салдарынан кез-келген жерде ұлттық намысқа кір келтіріп, елдің есесін өзгеге жіберіп жатады.
Біздің қазақтар, әсіресе ауылда не шалғай аймақта тұратын қазақтар, әулиедей көретін, «асылдың сынығы» деп жүрген Мұрат Әуезов ағамыз биыл «Время» газетіне «Маловодное» ауылындағы оқиғаға байланысты берген сұхбатында оқиғаға қатысқан қазақтарды «Серая раса сволочей» («Оңбағандардың сұрқай нәсілі») деп балағаттады. («Время» 31.03.07. «Серая раса сволочей»). Мүмкін, «Маловодное» ауылындағы қазақтардың жасаған әрекеті дұрыс емес шығар. Бірақ олар жақсы болсын, жаман болсын, өзіміздің қандастарымыз емес пе? Тіпті сол оқиғаның басы-қасында Мұрат Әуезовтің өзі болды ма? Өз нәсілін өзге ұлт алдында неге масқаралады екен ол? Ұлттық ар-намыс таразыға тартылған сәтте сүттің бетіндегі қаймақ саналатын ұлдарымыздың құлдың кейпін танытатыны өкінішті! Қазақ зиялыларының ұлтымыздың қорғанышы болудың орнына қорлағышы бола беретіні қынжылтады. «Алтын Орда» газетінің №16 санында (20-26 сәуір, 2007 жыл «Сауданы үйрендік, ал өнерге салқындап кеттік») белгілі актер, қазіргі қазақ ақсақалдарының бірі Асанәлі Әшімов газет тілшісіне сұхбат беріпті. Сонда Асәнәлі ағамыз «Көшпенділер» фильмін дұрыс қабылдамағаны үшін қазақтарды чукчаға теңеп, біраз өкпе айтады. «Өнерге деген талғамы төмен ел – чукчадан кейін біздің қазақ» дейді. Дегенмен Асекеңнің осынау әңгімесіне кереғар пікір айтушылар қатары көбейе түскенге ұқсайды. «Егер қазақтың өнерге деген талғамы төмен болса, сізді аспанға көтеріп, елге шыққанда «Асекелеп» алдыңызда иіліп тұрар ма едік» дейді мына жұрт. Алайда біздің айтқалы отырғанымыз тіпті де ол туралы емес. Жаңағыдай бүкіл ел еркелетіп, керемет көріп жүрген ұлдарымыздың орынды-орынсыз қазақты жерлей беретіні жанға батады. Ұлттық намысымыздың әлсіреп, ақша мен жағдайдың құлы болып бара жатқанымыз алаңдатады. Қазаққа кею, ұлтқа ақыл айту үшін сол ұлттың нағыз перзенті болып, елге әке болғандай биікке көтерілуің керек. Ал еліңді сүю, ұлтыңды ұлықтай білу оңай емес. «Өзін-өзі езген ит, өзен бойын кезген ит» (Сырым батыр) дегендей, өзімізді-өзіміз бұлай езуімізге болмайды. Дәл қазір Мұрат Әуезов пен Асанәлі Әшімовтен гөрі қазаққа кешегі Сабыржан Махметов секілді ұлдар көбірек керек-ау деген ой келеді.
Жасырып не, осы күні отансүйгіштік тәрбиені әлсіретіп алдық. Керісінше, көршілес өзге елдер осы мақсатта тырбанып тірлік қылып жатыр. Мысалды мына Ресейден алсақ та болады. Олардың қазіргі кез-келген фильмінің бас кейіпкері — өзінің ұлы, ол ұлттық батыр кейпінде көрініп отырады. Ресейдің аумағына пойызбен бара қалсаңыз да көршілердің өзін-өзі жоғары ұстайтынын байқайсыз. Вагондары тап-таза және орыстың халық әндері бірінен соң бірі төгіліп жатыр. Теміржол вокзалдарында әлсін-әлсін сол елдің гимні ойнап тұрады. Кез-келген түкпірінен өзіңнің Ресейде жүргеніңді, тағы бір ғажабы, сол Ресейдің бұдан жүздеген, мыңдаған жылдар бұрынғы тарихын да сезіне аласың. Патриотизм деген сол! Орыстар американдық идеологияға өзінің идеологиясын қарсы қоя біледі. Қайта жұрт бізге еліктесін, бізден үлгі алсын дейді. Ал біздер Батыстың тозығын өзімізге озық көріп, ессіз еліктеудеміз. Қазір бірінші орынға ақша мен нан табу шығып, ұлтты құрметтеу, елді сүю деген ұлы ұғымдар кейінге ығыстырылғандай. Меніңше, ертеңгі күні әлдебіреу аузына келгенін айтып, ұлтымызға тіл тигізбеу үшін, алда келе жатқан күрделі заманда қазақтың есесі ешкімге кетпеуі үшін осы кезде қимылдап қалу керек сияқты. Балаларға европаша емес, дәл қазір таза ұлттық тәрбие беру керек. Ұлтымыздың жақсы қасиеттерін көбірек насихаттау қажет. Әр баланы өз ұлтын сүюге, ұлт намысын қорғауға көбірек баулысақ, сол дұрыс болар еді. Бүгінгі күннің ең өзекті проблемасы осы дер едім. Ертеңгі күні біздердің артымыздан, Махамбетше айтқанда, «ақырып теңдік сұрайтын» ұл керек.
Халықтың ертеңін ойлау дегеніміз — әркімге бір еліктеп, етек ашу емес, өзіміздің кім екенімізді танып, өз намысымызды қорғай білу. Осыны сезінетін сәт туды деп ойлаймын. Бұның бәрі менің жеке пікірім екенін және осы пікірімді қорғауға дайын екенімді айтқым келеді.
Зәкіржан КӘЛКЕНБАЙ,
«Алтын Орда»